2026 жылғы 26 қарашада Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысында университетті қайта ұйымдастыру туралы хабарланды. Қолданыстағы еңбек шарттары мен білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттар күшінде қалады, университет қалыпты жұмыс істейді.
2026 жылғы 18 қарашада серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысы университетті қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес университеттің ұйымдық-құқықтық нысаны өзгереді: «Qazaq AI Research University» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Qazaq AI Research University» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылады.
Оқытушылар мен қызметкерлерге
Оқытушылармен және қызметкерлермен жасалған барлық қолданыстағы еңбек шарттары күшінде қалады. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 47-бабына сәйкес, жұмыс беруші қайта ұйымдастырылған кезде жұмыскерлермен еңбек қатынастары өзгеріссіз жалғасады. Оқытушылар мен қызметкерлер қазіргі лауазымдарында еңбек шартында көзделген талаптар бойынша жұмысын жалғастырады. Кадр қызметі ұйымдық-құқықтық нысанның өзгеруі туралы әр қызметкерге жазбаша хабарлайды.
Студенттерге
Студенттермен жасалған білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттардың талаптары сақталады. Сабақтар, практика және емтихандар бекітілген академиялық күнтізбеге сай өтеді. Университет қалыпты жұмыс істей береді.
Қайта құру кезеңдері
Жоспар бойынша университет кредиторларға хабарлайды, мүлік пен міндеттемелерді түгендейді. Жылдық қаржылық есептілікке аудит жүргізіледі. Содан кейін қатысушылардың жалпы жиналысы қоғамның жарғысы мен өткізу актісін бекітіп, директорлар кеңесінің мүшелерін сайлайды.
Қоғам мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап серіктестіктің барлық құқықтары мен міндеттері қоғамға өтеді. Олардың қатарына қызметкерлермен, студенттермен және серіктестермен жасалған шарттар бойынша құқықтар мен міндеттер де кіреді. Қайта ұйымдастыру аяқталған кезде университет қосымша хабарлайды.
